Құттықтаулар

Бас редактор сөзі

Қадірлі әріптестер! Құрметті білім саласының қызметкерлері!

Ұстаздар мерекесі құтты болсын! Жыл он екі ай сый-құрмет көрсетілуге тиіс бір қауым болса, ол – өздеріңізсіздер. Себебі, «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұғалімдікі» (Мағжан). Әр өскіннің жүрегіне жол тауып, жақсылықтың дәнін егетін де, ізгіліктің нұрын төгетін де – аяулы ұстаз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Біз әуелі елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі», – деп жазған болатын. Алаштың ардағы бастаған зиялыларымыз өз дәуірінде білім мазмұнын жаңартып, елді рухани түлетудің сара сүрлеуін салды. Біз өмір сүріп отырған ғасыр – озық ғылым мен білімнің, техника мен технологияның дамып жетілген заманы. Осыны ескере отырып, алдымызға үлкен мақсат қойып, оған жетуге бар күшті жұмсау қажет. Мектеп – білім ордасы. Ал, қоғамның болашағы білімі терең, азаматтық позициясы айқын, мәдениеті жоғары жастарды тәрбиелеумен тікелей байланысты болмақ.

Білім – тамыры терең, танымы мол ерекше ұғым. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Білім – бақытың жібермейтін қазығы» деп білім мен бақыттың ажырамайтыны туралы нақыл сөз айтқан еді.

Олай болса, білімді әрі бақытты жастарды тәрбиелеу бүгінгі ұстаз атқарып отырған ұлағатты іс.Білім саласы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды қажет етеді. Біз өмір сүріп отырған қазіргі кезең – бұл жаңа дәуір. Жаңа көзқарасты, жаңашылдықты талап ететін кезең.Ұстаздарымыз білім беру тактикаларын әрқашан жетілдіріп, жандандырып отыруы, оқушыларды күн санап қарыштап дамып келе жатқан сандық технологияларды игеруге бейімдеу қажет. Оларды сандық құзіреттер бойынша тәрбиелеп, жұмыс істеуге дайындық және жағымды әлеуметтік қарым-қатынас үшін практикалық дағдыларға жетелейтін азаматтық құндылықтарды және сандық әлемде біртектілікті қалыптастырудан бастау қажет.

2025 жылға қарай, әлемдік экономиканың 46%-ы сандық ортада болады деп күтілуде, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 10%-ды құрайды.

Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, жауапты да сауатты, Тәуелсіздіктің жаңа зияткер толқынын қалыптастыру жолында өздеріңіз ерен еңбек сіңіріп жатырсыздар. Бұл – рухани жаңғырудың бастауы. Елбасы Н.Назарбаев: «Біз кешегі бабамызбен ғана емес, бүгінгі бағамызбен, ертеңгі шамамызбен де мақтана алатын ұлт болуды ойлауымыз керек», — дегенде, осыны меңзесе керек.

Еңбектеріңіз жанып, мерейлеріңіз үстем болсын қашанда! Ел мен жердің болашағы үшін атқарып жатқан жұмыстарыңыз жемісті, әр күндеріңіз келісті болғай!

Құрметпен, Сәния БЕКТЕНҒАЛИЕВА,
«Қазақстан мектебі» журналының бас редакторы.