Журнал туралы

САҢЛАҚТАР САЛҒАН ЖОЛМЕНЕН

Сәния БЕКТЕНҒАЛИЕВА, “Қазақстан мектебі” журналының бас редакторы

1925 жылдың тамыз айында, дәлірек айтқанда, осыдан тура 90 жыл бұрын сол кездегі Қазақстан астанасы – Қызылордада «Жаңа мектеп» журналының тұңғыш нөмірі жарыққа шығып, оқырманмен қауышқаны мәлім. Сол бірінші санында «Жаңа мектепті» шығару неге керек болды?» деп аталатын бас мақалада қазақ халқының заман жаңалығынан мақұрым қалмай алға қадам басып, шыңға шығуына зор кедергі: қараңғылық, надандық екенін айтып, оқу-білім жұмысына арналған журнал дүниеге келгені қуанышпен хабарланған. Журналдың жауапты шығарушысы болып көрнекті ағартушы- педагог, сол кезде «Еңбекші қазақ» газеті редакторының орынбасары болған журналист М.Жолдыбаев тағайындалды. «Жаңа мектептің» аяғынан қаз тұрып кетуіне айтулы ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, ағартушы пе- дагогтер мен әдіскер ұстаздар белсене араласты. Журналдың алқа мүшелері: А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанұлы, Б.Сүлейұлы, С.Сейфуллин, ұдайы жазып тұратын авторлары: Е.Омарұлы, С.Сәдуақасов, М.Дулатов, Б.Майлин, Ж.Аймауытов, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, т.б. көптеген адамдар екені тұңғыш нөмірінде көрсетілген. Тізімде бірінші болып А. Байтұрсынұлы тұруы тегін емес. Ұлттың рухани ұстазы бұл жерде де көшбасшылық жасағаны айқын. Ол тұңғыш нөмірдегі «Баулу мектеп» деген мақаласында жаңа заман мектебі қандай болу керектігіне, нені көздеп оқытуы тиіс екендігіне жол сілтеп, журналға бағыт-бағдар берген. «Көрнекі оқу балаға тоғай талын тамашаға апарып танытқан мысалында, баулумен бала үйрету тоғайдан балаға құрықша іздетіп танытқан мысалында» деп ойын әсем өрнектейді. Ахаң қудалауға түскенге дейінгі 3 жыл ішінде журналға көптеген маңызды материалдарын жариялап үлгерген. Журнал тарихынан орын алған тағы бір қайраткеріміз – Смағұл Сәдуақасұлы. Ол 1925 жылы Қазақстан халық ағарту комиссары әрі «Еңбекші қазақтың» редакторы бола жүріп, «Жаңа мектеп» журналының дүниеге келуіне тікелей мұрындық болған. Ә.Бөкейханұлы «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен орыс және ше- тел жазушыларының шығармаларын аударып жариялап тұрды. Сәкеннің, Бейімбеттің, Жүсіпбектің әдеби шығармалары журналдың мазмұнын байы- тып, ағарту майданындағы айбынды үнін арттыра түсті. М.Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» тұңғыш рет 1928 жылы «Жаңа мектеп» журналында жарық көрді. Мұның өзі журналдың әдеби үрдістерге белсене араласып, дамуына ұйытқы болғанын білдіреді. 1933 жылдың 3-нөмірінен бастап «Жаңа мектеп» «Политехникалық мек- теп» деген атпен шыға бастады. Бірнеше нөмірден кейін «Ауыл мұғалімі» деп өзгертілді. Әдебиет, шаруашылық мәселелерін жазуды сиретіп, бірыңғай ғылыми-педагогикалық, әдістемелік бағытқа бет бұрды. Бұл тұстағы журналдың қай мақаласын алып қарасақ та, сабақ жоспары, көрнекілік, әдістеме, тәртіп, тәрбие мәселелері туралы болып келеді. 5 www.kazmektep.kz «Қазақстан мектебі» журналы – еліміздегі білім-ғылым, мәдени ағарту тарихының бай шежіресі һәм мол қазынасы әрі жол нұсқаушысы. Мысал ретінде әр жылдардағы көнерген беттерге үңіліп көрейік. Халық комиссары Т. Жүргенов бір мақаласында мұғалімдердің өз ісіне немқұрайлылығын жайып салады. «Аягөзде бір мұғалім класқа барып сабақ беруден ерініп, мектеп пен үйінің дуалының арасындағы дуалды тесіп қойып, сонан айқайлап оқытатын көрінеді» («Ауыл мұғалімі», №1-2, 1937ж.). «Ауыл мұғалімдерінің білімін толықтыру мен мамандығын көтеру жа- йында» деген мақаласында Қ.Есенбаев төмендегідей дерек келтірген: «1924- 25 жылы Қазақстанда 1527 қазақ оқытушысы болса, 1928-29 жылы 2572-ге жетіп отыр. Мұның ішінде төңкерістен бұрын арнаулы білім алған маман оқытушы өте аз… Әлгі көрсетіліп отырған екі мың жарым оқытушының көбінде мамандық жоқ. Мұғалімдік білімі бар оқытушының саны 10–15 про- центке жә, жетіп, жә, жетпейді» («Жаңа мектеп» №4,1929 ж.). Педагог ғалым Ш. Әлжанұлы ауыл мұғалімдеріне арналған мақаласын былай аяқтайды: «Олар баспасөз бетіне неге шықпайды, пікірлерін неге жазбайды? Енді шабандықты қойып атсалысу керек. Жазатын жер бар, «Политехникалық мектеп» журналының жазушы мұғалімдерге беті ашық. «Социалды Қазақстанға» да жазуға болады. Бұрын мақала жазып көрмеген мұғалімдер тіпті жүрексінетін болса, Алматыдағы бірінші ашылған ғылыми-зерттеу педагогика үністетіне арнап хат жазсаңыздар қуанып тұрып қабыл аламыз. Ол үністет енді ілім кіндігі болғалы тұр» (№4, 1933 жыл). «Ауыл мұғалімінің» «Өнер» деген бөлімінде С. Аспандияров мынандай жаңалықты жазған: «Өткен жылы Алматы театрының бірнеше әртістері Мәскеуге барып қазақтың ән-күйлерін пластинкеге жаздырып келді. Қазірде қазақтың 35 пластинкеге түскен ән-күйі бар, ұйғырдан 3, дұнғаннан 2. Оған жазылған халық әні 21, күйі 10, музыка пиесілерінен ария 18, би 10, 2 хор» (№4,1936 ж.). 1939 жылғы 1-нөмірінен бастап «Ауыл мұғалімі» журналы «Халық мұғалімі» деген атпен жарыққа шықты. Екінші дүниежүзілік соғыстағы үзілістен кейін 1946 жылдың қаңтарынан бастап үзбей шығып келеді. Тарих жылнамасына назар аударсақ, 1925 жылдан 1933 жылға дейін “Жаңа мек- теп”, одан кейін “Политехникалы мектеп” (1933), “Ауыл мұғалімі” (1933– 1938), “Халық мұғалімі” (1939–1960) деп әртүрлі аталып, заман өзгерісіне бейімделіп шығып тұрған. Биыл 90 жылға қадам басқан бұл басылымды білім-ғылым, жалпы педагогика саласын дамытудың қозғаушы күштерінің бірі әрі тасқа басылған шежіресі десек қателеспейміз. Кеңес заманындағы солақай саясаттың салдарына, қазақ мектептерінің жабылуына, тағы басқа жағдайларға журналдың сол жылдардағы сарғайған беттері куә. «Қазақстан мектебі» – оқу мәселесіне арналған тұңғыш ғылыми журнал. Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Қ.Жұбанов, Т.Тәжібаев сияқты айтулы ғалымдардың өз еңбектерін осы журналға жариялап отыруы бұл басылымның беделін, шоқтығы биіктігін танытады. 1960 жылы «Халық мұғалімі» деген атауы «Қазақстан мектебі» болып түбегейлі өзгерді. Содан бері тұрақты шығып келеді. Ұзақ жылдар ішінде Қазақстандағы педагогика, филология, жараты- лыстану, тарих, математика, физика, химия, психология, т.б. ғылымдардың негізін салушы, дамуын жалғастырушы біртуар ғалым зерттеушілердің, оқыту ісінің озық майталмандарының бірнеше буынының қолтаңбалары жур- нал беттерінде сайрап жатыр. Аталған ғылым салаларынан журналға үзбей атсалысқандардың кейбіреулерін атап өтсек, олар: С.Көбеев, Ә.Сыдықов, Ш.Әлжанов, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, А.Ысқақов, Н.Сауранбаев, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Қ.Сәтбаев, Қ.Жұмалиев, М.Балақаев, Е.Бех- маханов, О.Жәутіков, Т.Тәжібаев, т.б. көптеген ғалым-ұстаздар. 6 www.kazmektep.kz «Қазақстан мектебі» журналының кәсіби басылым болып қалыптасуына оның әр жылдардағы жауапты редакторларының һәм бас редакторларының үлесі зор. Олардың қатарында М.Жолдыбаев, К.Тоқтарбайұлы, І.Қабылов, С.Баймаханов, Қ.Есенбаев, Н.Манаев, Қ.Тәштитұлы, Б.Исабеков, А.Ысқақов, И.Нұрманбетов, М.Сәрсекеев, С.Әбішқызы сияқты қайраткерлер, педагог қаламгерлер бар. Қазақ баспасөзі тарихындағы тұңғыш педагогикалық әрі педагогиканың әр саласы бойынша шығып тұратын бірнеше кәсіби журналдардың үлкен шаңырағы ретінде де «Қазақстан мектебінің» өзіндік орны бар. Кеңес одағы тұсында Мәскеуден орыс тілінде жиырма шақты педагогикалық журнал шығып тұрса, соның бәрінің міндетін Қазақстанда қазақ тілінде жалғыз «Қазақстан мектебі» атқаруы оның жүгін ауырлата берді. Педагогикалық жаңа басылымдар ашудың қажеттігі туды, 1972 жылы қосымша ретінде «Бастауыш мектеп», 1977 жылы «Русский язык и литература в казахской школе», 1990–1994 жылдар аралығында «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Отбасы және балабақша», «Информатика, физика, математика» қосымшалары жеке бөлініп шықты. «Қазақ тарихы» қосымшасы 2003 жылы енші алып бөлінді. Қосымша ретінде 1996 жылдан шыға бастаған «Биология, география және химия» журналы «Химия мектепте», «Биология және салауаттылық негізі», «География және табиғат» журналдарына негіз болды. «Тәрбие құралы» жур- налы 2002 жылдан бастап шығарылып келеді. 1975 жылы 50 жылдық мерейтойында «Қазақстан мектебі» «Құрмет белгісі» орденімен, 60 жылдығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бүгінде 90 жылдық тарихы бар «Қазақстан мектебі» журналы тәуелсіз Қазақстанның білім-ғылым, педагогика саласын өркендетуге, мемлекеттік білім саясатын жүзеге асыруға өзіндік үлесін қосып келеді, қоса да бермек. Журнал ұстаздардың ең сенімді серігіне, жәрдемшісіне айналып, бүгінгі күнге дейін мұғалімдердің күнделікті оқу-тәрбие ісінде пайдаланатын көмекші құралы ретінде қызмет етіп келеді. «Қазақстан мектебі» журналының еліміздегі білім саясатын жүзеге асырудағы маңызы ерекше. Журналдың мазмұны мен бағдары Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсатымен ұштасып жатыр. Атап айтар болсақ, білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында журналымыз са- палы, терең, жан-жақты, заманауи технологиялармен білім берудің озық әдістемелерін насихаттап, ғылыми негіздерін қарастырып, өзекті мәселелерін көтеріп жүр. Ел президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда интел- лектуалды ұлт қалыптастырудың алғышарттары жасалынып, осы бағытта жемісті жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Назарбаев интеллекту- алды мектептері нағыз білімді өрендерді тәрбиелеп, өзінің жоғары тиімділігін көрсетіп отыр. Осы тұста «Қазақстан мектебі» журналының да қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі материалдарды қамтып, оны сұрыптап оқырманға ұсынып отырғанын баса айтып кеткен жөн. Сонымен қатар журналға қабылданатын мақалаларға академиялық талаптар қойылады. Бұл өз кезегінде журналдың кез келген мектеп мұғалімінен бастап педагогикалық білім беру саласы мамандарына қажетті әмбебап әдістемелік құрал екендігін айшықтайды. Ал мақалалардың мазмұны сан алуан: сабақ өту үлгілерінен бастап мектепте білім берудің ғылыми-теориялық негіздерін, тәжірибелік сұрақтарын қамтиды. Елбасының 2014 жылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» халыққа жолдауында ғылымға негізделген экономика құрудың тетігі сапалы білім мен ғылымнан бастау алатындығы шегендеп көрсетілген болатын. Бұл тұста педагогикалық баспасөздің көтерер жүгі ауыр. Елдің индустриялдық- 7 www.kazmektep.kz инновациялық дамуын қамтамасыз ететін мамандарды дайындаудың негізі орта білімнен бастау алатындығын әркез естен шығармаған абзал. Оқушыға бейіндік пәні бойынша терең білім беру, оның ізденістерін қолдау, дамы- ту, мамандық таңдауда дұрыс бағдар беру, мұның барлығы жоғары кәсіби педагогикалық біліктілікті қажет етеді. Осы орайда ұстаздардың білімі мен білігін арттыруда тиімді әдістерді ұсынуды «Қазақстан мектебі» өзінің міндеттерінің бірі деп санайды. Журналымыздың жаңа тұжырымдамасында көрсетілгендей, бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізуді көздеп отырмыз. Журналдың қоғамдық рөліне тоқталатын болсақ, ғылымның түрлі са- ласында биік белестерді бағындырған тұлғалардың еңбектерін басу, олар- мен келелі сұхбаттар ұйымдастырып отыру – басты бағдарымыздың бірі. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, мұның өскелең ұрпақ тәрбиесінде, болашақ ғалым, тұлғаларды қалыптастырудағы орны бөлек. «Қазақстан мектебі» нарық кезеңіндегі қаншама қиындықтарды бастан кешсе де, журнал ұжымының еңбегі мен жанашыр оқырмандар көмегі арқасында үздіксіз жарық көріп келеді.